Ирандық телеарна Трамптың ұлын өлтірген адамға 10 млн доллар сыйақы жариялады

Автор: Асыл Арман

Видеода АҚШ президентінің ұлы жиі баратын орындар, соның ішінде болжамды мекенжайлар көрсетілген

Фото: Bild

Иранның мемлекеттік телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трамптың 20 жастағы ұлы Баррон Трамп туралы үш минуттық сюжет көрсетіп, оны өлтірген адамға 10 млн доллар сыйақы берілетінін жариялады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасанды интеллект көмегімен әзірленген видеода АҚШ президентінің ұлы жиі баратын орындар, соның ішінде болжамды мекенжайлар көрсетілген. Сондай-ақ Channel 3 телеарнасының сюжетінде Барронның Вашингтондағы университетке қатынайтын бағыты қайта жасалған.

Видеода АҚШ Құпия қызметінің агенттері Барронды тәулік бойы күзететіні және олардың кейбірі университет студенттері ретінде жасырын жүретіні айтылған. Алайда сюжеттің едәуір бөлігі жасанды интеллект арқылы жасалған қойылымдық бейнелерге негізделген.

Сюжетте Баррон Трампқа қастандық жасауға дайындық жүріп жатқаны туралы нақты дәлел келтірілмеген. Видео туралы жазған Израиль БАҚ-тары да ондағы мәлімдемелердің шынайы қауіптің бар екенін растамайтынын атап өтті.

Бұл – Иранның мемлекеттік медиасы Трамптың отбасы мүшелеріне қатысты қорқыту сипатындағы материал жариялаған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін дәл осындай сюжет АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампқа арналды. Онда оның жиі баратын орындары туралы ақпарат көрсетілген.