Семейде аспалы көпірде болған жол апатынан бір адам қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Семейдегі аспалы көпірде 23 тамыз күні кешке Mitsubishi Pajero мен Lada Priora көліктері соқтығысып, жол-көлік оқиғасы салдарынан жол талғамайтын көліктің жолаушысы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mitsubishi Pajero көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі қоршауға соғылған. Содан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Lada Priora көлігімен соқтығысқан.

Соққыдан Mitsubishi Pajero қатты зақымданып, бүйірімен аударылған. Жол талғамайтын көлікте болған жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

«Адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу және процестік әрекеттер кешені жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.

Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.