Түркістан облысында бетперде таққан бірнеше адам тұрғын үйге басып кіріп, иесін бірнеше сағат азаптаған

Автор: Аягөз Құрмаш

Әйелдің жүзінде сау-тамтығы жоқ

Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысының Леңгір қаласында түнде белгісіз біреулер тұрғын үйге басып кіріп, үй иесін бірнеше сағат бойы соққыға жыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бетперде киген шабуылшылар әйелді байлап, таңғы сағат беске дейін ұстаған. Тұрғын үйдің терезелері шағылып, ішіндегі заттардың астаң-кестеңін шығарған. Қылмыскерлер үйден ақша іздеген болуы мүмкін деген болжам бар. Шабуылдан кейін күдіктілер жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Желіде тараған кадрларда әйелдің денесінен көптеген жарақаттар мен бетінің қатты ісіп кеткенін көруге болады. Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы тұрақты, денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ.

Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада ұстауға бағытталған кешенді тергеу және жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», - деп хабарлады ведомстводан.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етуге жатпайды.