Қазақстандық шаруаларға агротехникалық мерзімдерді сақтау қажеттігі ескертілді

Автор: Алмас Ерсін

Министр егін жинау науқанында техниканы тиімді пайдаланып, агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтауға шақырды

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Шаруашылықтардың бірінде күздік бидайдың өнімділігі гектарына 35 центнерге, жаздық бидай – 25 центнерге, арпа – 28 центнерге, жасымық – 21 центнерге жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнына барып, егін жинау науқанының барысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында министр өсімдік шаруашылығына маманданған «СЕРВИС ЖАРС» ЖШС-не барды. Шаруашылықтың 9 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы бар. Егістік алқабының негізгі бөлігін бидай алып жатыр, сондай-ақ арпа мен жасымық өсіріледі.

Шаруашылықта егін жинау науқаны белгіленген агротехникалық мерзімдер сақтала отырып, ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Бүгінде күздік бидайдың өнімділігі гектарына 35 центнер, жаздық бидай – 25 центнер, арпа – 28 центнер, жасымық – 21 центнер. Бұл көрсеткіштер қолданылып отырған агротехнологиялардың тиімділігін көрсетеді.

«СЕРВИС ЖАРС» ЖШС базасында ведомство басшысы егін жинауға қатысып жатқан бірнеше шаруашылықтың комбайншыларымен кездесті.

Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны шаруалардан барынша жеделдікті, жоғары деңгейдегі ұйымшылдық пен үйлесімді жұмысты талап ететінін атап өтті.

«Егін жинау науқаны – шаруалар үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Барлық қатысушының үйлесімді жұмысына нақты бір шаруашылықтың нәтижесі ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бүкіл саланың қосатын үлесі де байланысты. Сондықтан техниканы барынша тиімді пайдалану, агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтау және жұмысшыларға қажетті жағдай жасау маңызды», – деді Сапаров.

Министр механизаторлардың кәсібилігі мен жауапкершілігін атап өтіп, егін жинау жұмыстарын уақтылы аяқтау және өсірілген өнімді ысырапсыз сақтау көп жағдайда олардың күнделікті еңбегіне, тәжірибесі мен жеделдігіне байланысты екенін айтты.

Сондай-ақ министр егін жинау жұмыстарына тартылған қызметкерлерге лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.