Әлеуметтік бизнеске грант: Астанада өтінім қабылдау қашан басталады

Арнайы қолдауға төрт санаттағы бизнес өкілдері қол жеткізе алады

Әлеуметтік бизнеске грант: Астанада өтінім қабылдау қашан басталады
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны 270-ке жетті. Бұл – ел бойынша тіркелген әлеуметтік кәсіпкерлердің шамамен 15 пайызы. Қала әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған кезекті өтінім қабылдау қыркүйек және қазан айларында өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік кәсіпкерлік – табыс табумен қатар, қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған бизнес. Мұндай жобалар әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтуға, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге, білім беру, оңалту, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға бағытталады.

Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің бірыңғай тізіліміне төрт санаттағы бизнес өкілдері енгізіледі. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтарға жұмыс беретін кәсіпкерлер, осы санаттағы азаматтар өндірген тауарлар мен қызметтерді өткізуге көмектесетін бизнес иелері, әлеуметтік және оңалту қызметтерін көрсететін ұйымдар, сондай-ақ білім, мәдениет, спорт, отбасы мен бала, денсаулық және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобалар бар.

Соңғы жаңартудан кейін елордадағы тізімге тағы 26 әлеуметтік кәсіпкер қосылды. Оның 13-і қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын төртінші санатқа, 11-і әлеуметтік осал азаматтарды жұмыспен қамтитын бірінші санатқа, екеуі әлеуметтік қызмет көрсететін үшінші санатқа жатады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін 100-ден астам астаналық кәсіпкер әлеуметтік бизнеске арналған қолдау шараларын пайдаланған. Оларға мемлекеттік гранттар беру, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және ақпараттық-кеңестік көмек көрсету тетіктері қарастырылған.

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілуге өтінімдер 2026 жылғы 1-15 қыркүйек аралығында қабылданады. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік грант беру жөніндегі ашық конкурсқа өтінім қабылдау 15-20 қазан аралығында жоспарланған.

Бұл мүмкіндік әлеуметтік жобасын кәсіпке айналдырғысы келетін елордалықтар үшін маңызды. Әсіресе жұмыспен қамту, балалар мен отбасыларды қолдау, білім беру, оңалту және инклюзия бағытында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдауға ие болудың қосымша тетігі бар.