Осман Местен ТМПА өкілдерінің Қазақстандағы сайлауды төрт байқаушылар тобы құрамында бақылап жатқанын айтты
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы, ТМПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Осман Местен Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауына оң бағасын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сайлаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне қатысты пікірін Астанадағы Халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығында өткен брифингте айтты.
«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн. Осындай маңызды сәтте сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын. ТМПА атынан сайлау процесін бақылау үшін Қазақстанға арнайы келдік. Бұл – елдің саяси тарихындағы маңызды кезең», – деді Осман Местен.
Миссия басшысы Қазақстан азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, шетелде жүрген қазақстандықтардың да дауыс беруіне мүмкіндік қарастырылған.
«Қазақстан барлық азаматтың өз таңдауын жасауына жағдай жасағанын көріп отырмыз. Сайлау Конституцияға, конституциялық заңнамаға және халықаралық талаптарға сәйкес өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдаған», – деді ол.
Осман Местен ТМПА өкілдерінің Қазақстандағы сайлауды төрт байқаушылар тобы құрамында бақылап жатқанын айтты. Делегация мүшелері сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап Астана мен еліміздің басқа да қалаларындағы учаскелерге барып, дауыс беру барысымен танысқан.
«Сайлау учаскелері ашылған кезде барлық талаптың сақталғанына көз жеткіздік. Учаскелерде Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Комиссия мүшелері өз міндеттерін атқарып, азаматтарға бюллетеньдерді толтыру кезінде ешқандай қысым көрсетілмеуін қамтамасыз етті. Біздің делегация мүшелері бұл жағдайларды өз көздерімен көріп, растады», – деді ТМПА миссиясының басшысы.
Сондай-ақ Осман Местен ТМПА делегациясының Қазақстандағы барлық саяси партиялардың басшыларымен кездескенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан соңғы жылдары саяси және құқықтық реформаларды жүзеге асыру бағытында елеулі қадамдар жасаған.
«Біздің бағалауымызша, Қазақстан соңғы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен саяси ғана емес, құқықтық салада да ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Бұл реформалар елдің дамуына серпін беріп, адам құқықтары мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға бағытталған», – деді Осман Местен.
ТМПА миссиясының басшысы Құрылтайдағы әйелдер өкілдігіне де назар аударды. Оның айтуынша, әйелдердің саяси үдеріске қатысуын арттыру бағытында нақты қадам жасалған.
«Құрылтайдағы әйелдер өкілдігін арттыру бойынша маңызды шешім қабылданған. Құрылтайда әйелдерге кемінде 30 пайыздық квота қарастырылған. Ал партиялық тізімдерде бұл көрсеткіш 44 пайызға жетіп отыр. Меніңше, бұл – өте маңызды көрсеткіш», – деді ол.