Теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктікте орналасқан «Жас геолог» шыңы маңында бес ер адам жолды таба алмай, адасып кеткен
Алматы қаласы Медеу ауданында, теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктікте орналасқан «Жас геолог» шыңы маңында бес ер адам жолды таба алмай, адасып кеткен. Алматы қаласы Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары жедел іздестіру-құтқару операциясын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азаматтар таңертең «Казачка» кемпингінен шығып, «Жас геолог» шыңына қарай жолға шыққан. Алайда таудағы соқпақты жоғалтып алып, бағыттан ауытқып, терең шатқалға түсіп кеткен. Туристермен байланыс үзілмегендіктен, құтқарушылар олардың орналасқан жерін координаттары арқылы жедел анықтады.
Құтқарушылар бес азаматқа жетіп, оларды «Алма-Арасан» экобекетіне дейін қауіпсіз түсірді. Туристердің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық болды, медициналық көмек қажет болған жоқ. Кейін олар үйлеріне өз беттерінше қайтты. ТЖМ таулы аймақтарға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлап, белгіленген соқпақтардан ауытқымауға және сапар жоспары туралы жақындарына алдын ала хабарлауға шақырады.