Биыл Қарағанды облысында төрт сайлау учаскесі алғаш рет өнеркәсіп орындарының аумағында ашылған
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Құрылтай депутаттарын сайлауға байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір басшысы бүгінгі сайлаудың тарихи маңызына тоқталып, азаматтарды өз таңдауын жасауға шақырды.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін біз Құрылтайдың – еліміздің бір палаталы парламентінің депутаттарын алғаш рет таңдап жатырмыз», – деп жазды Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкімнің айтуынша, сайлау азаматтардың елдің саяси үдерісіне тікелей қатысып, өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік береді. Ол әсіресе жастардың азаматтық белсенділігінің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі таңда біздің әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды. Сіздер болашақтарыңыз үшін дауыс беріп, азаматтық жауапкершілік таныта аласыздар», – деді облыс әкімі.
Қарағанды облысында бүгін 639 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның төртеуі алғаш рет өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағында ашылған.
Атап айтқанда, екі учаске Qarmet кәсіпорнында, тағы екеуі Балқаштағы Kazakhmys Smelting мен Нұра ауданындағы «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнында жұмыс істейді. Бұл өндіріс жұмысшыларына жұмыс орнынан шықпай-ақ дауыс беруге мүмкіндік береді.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, облыста тұрғындардың сайлауға қатысуына қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.