Қоғамға заңсыз сауал қойып, үгіт жүргізген: Бас прокуратура Құрылтай сайлауындағы заң бұзушылық жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Сайлау күні үгітке тыйым салынған

Фото: видеодан скриншот

Бас прокурор аппаратының БАҚ мониторингі және жұртшылықпен байланыс басқармасының бастығы Ерлан Жанпейісов Құрылтай сайлауы кезінде заңдылықты қамтамасыз ету жайлы айтып берді, Azattyq Rýhy.

«Прокуратура органдары сайлау процесінде заңдылықты қамтамасыз етеді. Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша 22 тамызға дейін 8 заң бұзушылық анықталған. Оның 3-еуі сайлау бойынша қоғамдық пікірге заңсыз сауал салу, 5-еуі тыйым салынған кезеңде сайлау алдындағы үгіт жүргізу дерегі», - деді Жанпейісов.

Сондай-ақ ол сайлау күні үгіт жүргізуге тыйым салынатынын ескертті.

Өз кезегінде ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Бүгін ішкі істер органдары күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Полицияның басты міндеті – дауыс беру басталған сәттен аяқталғанға дейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта барлық қажетті алдын ала жұмыстар жүргізілді», – деді Шыңғыс Әлекешев.