2026 жылдың басынан бері орталыққа 1,5 млн-нан астам өтініш түскен
2018 жылдан бері елордалық iKOMEK109 байланыс орталығы Астана тұрғындары мен қонақтарының 18 млн өтінішін қабылдап, өңдеді. 2026 жылдың басынан бері олардың саны 1,5 млн-нан асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Қала тұрғындары орталыққа көбіне кеңес алу үшін жүгінеді. Негізгі мәселелер қатарында денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, электрмен жабдықтау, коммуналдық қызметтер және қалалық инфрақұрылым бар.
2026 жылғы қаңтарда iKOMEK109 өзінің iKOMEK 2.0 ақпараттық жүйесіне толық көшті. Оны Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары әзірлеген.
Жаңа платформа өтініштерді өңдеудің барлық кезеңін бақылауға, өтінімдердің орындалу мерзімін қадағалауға, қайталанған өтініштерді анықтауға және деректерді нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік береді.
«Бүгінде iKOMEK109 дәстүрлі байланыс орталығынан қаланы жедел басқарудың заманауи жүйесіне айналып келеді. Өтініштерді талдау, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект технологиялары жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, тәуекелдерді болжауға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Астана әкімдігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, орталық мемлекеттік органдардың, коммуналдық кәсіпорындардың, аудан әкімдіктері мен төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысын біріктіреді.