Баланы полицейлер бары-жоғы 10 минутта тапты
Абай облысында полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, үйінен шығып кетіп оралмаған кішкентай баланы аман-есен тапты. Тәртіп сақшыларына сәбиді туғандарына қайтару үшін бары-жоғы 10 минут уақыт қажет болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түскі сағат 14:00 шамасында полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласқан. Кейуананың айтуынша, кішкентай немересі үйден су әкелуге шығып келіп, қайта оралмаған.
Үрейленген туыстары баланы әуелі өз беттерімен іздеп көргенімен, әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған соң бірден құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген.
Ақпарат түскен бойда полицияның кезекші бөлімі жедел іздестіру жұмыстарын бастады. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды тексеріп, баланы небәрі 10 минут ішінде аман-есен тапты. Баланың денсаулығына ешқандай зақым келмеген, ол бірден отбасына табысталды. Полиция қызметкерлері жоғалған адам туралы ақпаратты жасырып қалмай, дереу хабарлау маңызды екенін ескертеді, өйткені уақытылы жүгіну іздеу жұмыстарын жедел жүргізуге мүмкіндік береді.