Астана – Арқалық: бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі әуе рейстерінің жаңа бағыты іске қосылды

2026 жылғы 22 тамызда 33 жылдық үзілістен кейін Арқалық пен Астана арасында қайтадан тұрақты әуе рейстері жолға қойылды

Астана – Арқалық: бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі әуе рейстерінің жаңа бағыты іске қосылды
Фото: Көлік министрлігі

2026 жылғы 22 тамызда 33 жылдық үзілістен кейін Арқалық пен Астана арасында қайтадан тұрақты әуе рейстері жолға қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Арқалық әуежайы толықтай қалпына келтіріліп, жаңғыртылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Астана – Арқалық – Астана бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсі орындалды. Жобаның басты міндеті – Арқалық қаласы мен маңайдағы аудандардың тұрғындары үшін қолайлы әрі қолжетімді әуе қатынасын қамтамасыз ету.

«Арқалық әуежайының қайта іске қосылуы – Торғай өңірінің көлік қолжетімділігін арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арқалық қаласы әуежайының құрылысы аяқталды. Бүгінде барлық сертификаттау рәсімдері толық аяқталды», — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов. 

Арқалық әуежайын жаңғырту аясында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жаңа жолаушылар терминалы, апаттық-құтқару станциясы, арнайы техникаға арналған гараж, бақылау-өткізу пункті және диспетчерлік мұнара салынды. Сонымен қатар ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрон қайта жаңғыртылды. Қазақстанның AIP құжатында аспаптар бойынша қонуға кіру схемалары жарияланды.

«Қазіргі уақытта Арқалық әуежайы CRJ200 үлгісіндегі өңірлік жолаушылар әуе кемелерін қабылдауға және қызмет көрсетуге дайын. Өткізілген конкурс қорытындысы бойынша аталған әуе бағыттарының жеңімпазы – «SCAT» әуе компаниясы» АҚ. Құтты болсын», — деп түйіндеді ол.

Енді Арқалықтан Астана, Алматы және Қостанай бағыттарына тұрақты рейстер қатынайды. Мемлекеттік субсидия есебінен Астана мен Қостанайға билет құны 10 мың теңге, ал Алматыға 25 мың теңге болмақ.

Жаңа бағыт Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының, сондай-ақ Ақмола облысы Жарқайың ауданының тұрғындары үшін көлік қатынасын едәуір жақсартады.

80 мыңнан астам адам елдің басқа өңірлеріне, соның ішінде медициналық, білім беру және мемлекеттік қызметтерді алу үшін тезірек жету мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар бұл жоба Торғай өңірінің бизнесін дамытуға, инвестициялар тартуға және экономикасының өсуіне қосымша мүмкіндіктер туғызады. Жоба шеңберінде 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.

Әуе бағытының ашылуы Астана әуежайында, ұшақ бортында және Арқалыққа ұшып келгеннен кейін ұйымдастырылған театрландырылған-музыкалық перформанспен сүйемелденді. Арқалықта алғашқы рейстің жолаушыларын әуенмен, әнмен және шашу шашып қарсы алды.