Еліміздің бірқатар қаласында ауа сапасы нашарлайды
Ауада зиянды заттардың жиналуы салдарынан бірқатар шаһарда атмосфералық ластану деңгейі артады
«Қазгидромет» синоптиктері 22 тамызда елдің бірнеше өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар сақталатынын хабарлады. Ауада зиянды заттардың жиналуы салдарынан бірқатар шаһарда атмосфералық ластану деңгейі артады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Метеорологтардың болжамынша, 22 тамыз күні Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Алматы қалаларында ҚМЖ сақталады. Ал Астана мен Атырау қалаларында ауа сапасының нашарлауы түнде байқалады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.