«Әділет» партиясының Орталық аппаратында республикалық сайлауалды штабтың қорытынды отырысы өтті. Жиынға қатысушылар елдің барлық өңіріндегі бір айлық үгіт-насихат жұмысының қорытындысын шығарып, партия штабтарының, сенімді өкілдер мен бақылаушылардың дауыс беру күніне дайындығын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның саяси бағытының негізінде Мемлекет басшысының реформаларын қолдау және жаңа Конституция қағидаттарын іске асыру жатқанын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық бағытының арқасында елімізде ірі жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым дамып, экономика жаңғырып келеді. Халық қалалар мен ауылдардағы оң өзгерістерді күнделікті өмірінен көріп, сезініп отыр. Әрине, қордаланған мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жаңа Конституциямыз оларды жүйелі шешудің берік негізін қалап, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Біздің мақсатымыз – оның ережелерін іске асырып, халықтың өміріне нақты оң өзгерістер әкелу», - деді ол.
Науқан барысында еліміздің өңірлерінде партияның 247 сайлауалды штабы жұмыс істеді. Кандидаттар мен үгіт-насихат топтары қалалар мен ауылдарда, кәсіпорындар мен қоғамдық алаңдарда кездесу өткізіп, түрлі кәсіби және әлеуметтік топ өкілдерімен партияның сайлауалды бағдарламасын тікелей талқылады.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, кездесулер барысында кәсіпкерлер орта бизнесті дамыту және отандық инвесторларды қолдау жөніндегі ұсыныстарды, ал еңбек ұжымдары еңбек адамының мүддесін қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі бастамаларды оң бағалаған. Өңірлерде ауылдарды дамыту мен өмір сапасына, әйелдер форумында отбасы құндылықтарын нығайтуға және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Цифрландыру, жаңа технологиялар, ғылым және заманауи білім беру салаларындағы ұсыныстар IT саласы өкілдері мен кәсіби қауымдастық тарапынан оң қолдау тапты.
«Әділет» – жаңа буын партиясы. Бұл бізге мәселелерге жаңаша қарап, тың шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Барлық кездесулерде «Әділет» партиясының өкілдері түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың қолдауын көрді. Біз үшін партия бастамаларының халықтан кең қолдау тауып отырғаны ерекше маңызды. Бұл – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық ұсыныстар мен бастамалар ескерусіз қалмайды. Жүйелі әрі ұзақ мерзімді шешімді қажет ететін мәселелер алдағы мәслихат сайлауына арналған бағдарламаларымыздың негізіне айналады», - деді Айбек Дәдебай.
Жиын барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен штаб өкілдері де сөз сөйледі. Армангүл Тоқтамұрат «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуенінің нәтижелерін таныстырды. 27 күн ішінде керуен топтары 17 облысты аралап, 13 872 шақырым жол жүріп, 99 елді мекенге барды және 14 мыңға жуық тұрғынмен кездесті. Жиын қорытындысы бойынша екі мыңнан астам ұсыныс жиналды. Олар талданып, партияның алдағы жұмысында, соның ішінде заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде пайдаланылады.
Алматы қалалық штабының мүшесі Дидарбек Ділдәбек мобильді топтар 1,36 млн адамды қамтығанын, «Есіктен есікке» акциясына 2,41 млн-нан астам азамат қатысқанын және 6,2 млн дана материал таратылғанын хабарлады.
Өңірлік штабтардың жұмысы туралы филиал басшылары бейнеконференция байланысы арқылы баяндады. Астанада 580 мыңнан астам адамды қамтыған 630-дан астам іс-шара өткізілді. Шығыс Қазақстан облысында 314 мың тұрғынның қатысуымен екі мыңнан астам іс-шара өтті. Батыс Қазақстан облысында 1,6 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 430 мың адам қамтылды.
Жиын барысында сенімді өкілдердің жұмысына да ерекше назар аударылды. Науқан кезінде партияның шамамен 30 мың сенімді өкілінен тұратын корпус құрылды. Олардың атынан сөз сөйлеген «STEM академия» компаниясының басшысы Залқарбек Мұратәліұлы сайлаушылармен кері байланыстың маңызын атап өтті.
«Біз партияның ұстанымын жеткіздік. Бірақ кездесулерде тұрғындардың өз сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдау да аса маңызды», - деді ол.
Жиынды қорытындылаған Айбек Дәдебай үгіт-насихат кезеңі аяқталғанымен, азаматтардан келіп түскен ұсыныстар бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.
«Осы бір айда біз үлкен жолдан өттік. Ең бастысы – халықтың талап-тілегін тереңірек түсініп, бізге артылған жауапкершіліктің салмағын сезіндік. Халықтың бізге айтқан әрбір мәселесі, әрбір ұсынысы мен аманаты алдағы жұмысымыздың негізіне айналуға тиіс. Бізді біріктіретін мақсат – біреу. Ол – Әділетті Қазақстан құру. Осы мақсат жолында бірлігімізді сақтап, ел сеніміне лайық еңбек етуіміз керек», - деді партия төрағасы.
Сондай-ақ ол сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін бақылаушылар мен сенімді өкілдерге үндеу жасап, сайлау заңнамасын, белгіленген рәсімдерді қатаң сақтаудың және сайлау учаскелерінде әдеп нормаларын ұстанудың маңызын атап өтті.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy