Ер адам жұбайын екі рет ұрып-соққан: прокуратура сот шешіміне наразылық білдірді

Автор: Асыл Арман

Бас прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сот шешіміне наразылық білдірді

Фото: istockphoto.com

Ер адам әйелін екі рет ұрып-соққан. Салдарынан жұбайына жеңіл дене жарақаты келген. Екі жағдайда да тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Алайда Бас прокуратураның араласуынан кейін сот актісі бұзылып, іс қайта қарауға жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, ер адам алғаш рет әйеліне жеңіл дене жарақатын салған. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар татуласып, ер адам қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен. Алайда көп ұзамай ол әйеліне қайтадан қол көтерген. Бұл жолы да қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Прокуратура мұндай шешіммен келіскен жоқ. Кассациялық наразылық бойынша сот актісі бұзылып, ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін іс қайта қарауға жіберілді.

Қадағалау органында атап өткендей, бұл жалғыз жағдай емес. Бұған дейін татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдардың сол негіз бойынша қайтадан жауапкершіліктен құтылғаны туралы тағы үш сот актісіне наразылық келтірілді.

Ведомство Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік 2024 жылдан бастап едәуір күшейтілгенін еске салды. Ұрып-соғу және қасақана жеңіл дене жарақатын салу әрекеттері әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілік аясына ауыстырылды.

Сонымен қатар заң бойынша бір адамға дәл осындай тәсілмен жауапкершіліктен қайта құтылуға жол берілмейді.