Respublica «Олимп» зертханаларының жұмысымен танысты

Автор: Аягөз Құрмаш

Келесі жылы «Олимп» зертханалық кешенінің құрылғанына 20 жыл толады

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica сайлауалды штабының өкілдері партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Ерлан Сүлейменов тізгіндейтін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханаларына барып, кешеннің жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келесі жылы «Олимп» зертханалық кешенінің құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде небәрі үш анализаторы бар шағын зертхана үш ғимараттан тұратын заманауи зертханалық кешенге айналды. Мұнда клиникалық-диагностикалық, молекулалық-генетикалық, ПТР, бактериологиялық, иммуногистохимиялық және хромато-масс-спектрометрия зертханалары жұмыс істейді.

Бүгінде кешен тәулігіне шамамен 10–13 мың өтінім қабылдап, 35 мыңға жуық зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар алты филиалға орталықтандырылған түрде қызмет көрсетеді.
Зертханадағы үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған. Арнайы жүйелер биоматериалдарды қажетті бағыттарға өздігінен бөліп, алынған үлгілердің сапасын бағалайды. Екі преаналитикалық жүйе сағатына 1 400-ге дейін сынауық өңдей алады. Зерттеу нәтижелері зертханалық ақпараттық жүйеге түсіп, кейін мамандардың тексеруінен өтеді. Одан әрі қосымша зерттеу қажет пе, жоқ па – соған шешім қабылданады.

Биоматериалдың сақталуына да ерекше көңіл бөлінеді. Онкологиялық аурулар кезінде арнайы блоктар биоматериалды 15 жылға дейін сақтауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда сақталған материалды қосымша зерттеу жүргізуге немесе диагнозды нақтылауға пайдалануға болады.

Астананың өзінде «Олимптің» 90-нан астам процедуралық кабинеті бар. Үйге барып қызмет көрсететін бригадалар күн сайын, оның ішінде жексенбіде де жұмыс істейді. Зертхана медициналық көмектің тегін көлемі аясында қызмет көрсетіп, қалалық емханалар мен стационарларға да қызмет көрсетеді.

Нейрохирург, Құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Доскалиев денсаулық сақтау саласындағы екі өзекті мәселеге тоқталды. Оның бірі – кадр тапшылығы болса, екіншісі – өңірлердің заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен біркелкі қамтамасыз етілмеуі.

Медицина саласында мейірбике болып жұмыс істеген Даурия Байконова білікті мамандардың өз кәсібінде қалуы үшін медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасаудың маңызын атап өтті.

Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков Respublica командасында түрлі саланың мамандары, соның ішінде медицина өкілдері бар екенін айтты. Оның пікірінше, бұл партияға бизнестегі және денсаулық сақтау жүйесіндегі нақты мәселелерді жақсы түсініп, оларды Парламентте көтеріп, тиісті шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.