Бес жылда Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 45%-ға өсті – Эльдар Гумаров

Автор: Azattyq Rýhy

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 30 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 79%-ға өсті

Фото: ҚСЗИ

Қазақстанның шикізаттық емес экспорты соңғы бес жылда 45%-ға өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 29 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров Астанада өткен National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне дейін» форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚЗСИ-не сілтеме жасап.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі Қазақстан экономикасындағы өз позициясын нығайтып, экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 30 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 79%-ға өсті.

Сонымен қатар қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтардағы қатысу ауқымы кеңейіп келеді. Отандық кабельдік-өткізгіш өнімдер, трансформаторлар, аккумуляторлар, шиналар және басқа да өнеркәсіптік тауарлар бәсекеге қабілетті позицияларға ие.

«Экспорттық әлеуетті одан әрі дамыту жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуға, шикізатты қайта өңдеу деңгейін тереңдетуге, кәсіпорындардың технологиялық дамуына және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы қатысу ауқымын кеңейтуге байланысты», – деп атап өтті Эльдар Гумаров.

Оның айтуынша, өнеркәсіптің одан әрі трансформациясы өндіріс көлемін арттырумен ғана емес, өндірілетін өнімнің технологиялық күрделілік деңгейін арттырумен де байланысты болуы тиіс. Бұл экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, экономиканың шикізатқа тәуелділігін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді.

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне дейін» атты National Think Tank Forum өтті. Форумға қатысушылар соңғы жылдардағы Қазақстан дамуының нәтижелерін және жаңа кезеңнің басымдықтарын – адами капиталды, цифрлық трансформацияны, экономикалық өсім мен индустрияландыруды, қоғамдық тұрақтылықты, энергетиканы және өзгермелі жаһандық орта жағдайындағы елдің жаңа мүмкіндіктерін талқылады.