АҚШ әскері танкерлерді Ормуз бұғазы арқылы құпия бағытпен өткізіп жүр – БАҚ

Автор: Асыл Арман

Бұл бағыт арқылы тәулігіне 15-тен 20-ға дейін мұнай танкері өтеді

Фото: Bild

Ормуз бұғазы бұған дейін айтылғандай толықтай жабылып қалмаған болуы мүмкін. АҚШ әскері Оман жағалауына жақын маңдағы кемінде бір оңтүстік бағытты бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды америкалық БАҚ. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Біз оңтүстік бағытты бақылауда ұстап отырмыз», – деді америкалық шенеунік Axios порталына.

Бұл бағыт арқылы тәулігіне 15-тен 20-ға дейін мұнай танкері өтеді. Олардың басым бөлігі түнгі уақытта жүреді. Танкерлер 10 миллион баррельге дейін шикі мұнай тасымалдайды. Бұл соғысқа дейінгі көлемнің шамамен жартысына тең. Танкерлерге америкалық әскери күштер ілесіп жүреді.

Қазіргі уақытта Иран режимінің бұған кедергі келтіруі екіталай. Америкалық БАҚ-тың жазуынша, АҚШ-тың әуе соққылары Иранның радиолокациялық және теңіздегі бақылау жүйелерін істен шығарған немесе айтарлықтай зақымдаған. Бұғаздағы кемелер қозғалысын бақылаған Иран сақшылар корпусының жоғары жылдамдықты катерлері де жойылған.

Сондықтан Иран енді танкерлер болуы мүмкін деп болжанған аудандарға нақты нысананы анықтай алмай, оқ жаудырып жатыр. АҚШ мұндай шабуылдардың бетін қайтаруда. Белгілі болғандай, аптаның басында ғана сегіз дрон мен екі қанатты зымыран атып түсірілген.

Ормуз бұғазындағы бұл дәліздің ашылуы Дональд Трамптың елеулі жетістігі саналады. АҚШ президенті теңіз арқылы қайтадан тасымалдана бастаған «орасан зор көлемдегі мұнай» туралы мәлімдеді. Кей түндері бұғаз арқылы тіпті 20 миллион баррельге дейін мұнай өткені хабарланды.