Қостанай облысында кәсіпкер мемлекеттен бөлінген ақшаны жеке мақсатқа жұмсаған

Автор: Асыл Арман

Грант қаражатына сатып алынған жабдық іс жүзінде мәлімделген мақсатқа пайдаланылмаған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қостанай облысында кәсіпкер грант қаражатын мақсатсыз пайдаланған. Ол мемлекет бюджетіне 1,38 млн теңгені қайтаруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әулиекөл ауданының прокуратурасы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану фактісін анықтады. Тексеру барысында 2023 жылы азаматқа кәсіпкерлік жобаны іске асыру үшін 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілгені белгілі болды.

Алайда грант қаражатына сатып алынған жабдық іс жүзінде мәлімделген мақсатқа пайдаланылмаған. Сонымен қатар оның техникалық сипаттамалары кәсіпкер есеп құжаттарында көрсеткен мәліметтерге сәйкес келмеген.

«Әулиекөл ауданы прокуратурасының материалдары бойынша алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу барысында грант алушы мемлекетке келтірілген залалды толық өтеп, 1,38 млн теңгені бюджетке ерікті түрде қайтарды. Кінәсін мойындауын, залалды өз еркімен өтеуін және заңда көзделген өзге де мән-жайларды ескере отырып, қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.