Оны полиция ұстап, қылмыстық іс қозғады
Алматы қаласында жергілікті тұрғын өзінің мүгедектігі бар енесіне жыныстық сипатта зорлық-зомбылық көрсетті деген айыппен ұсталды. Сұмдық қылмыс туралы ақпаратты жәбірленушінің өз қызы күдіктінің заңды жұбайы полицияға арызданғаннан соң белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 17 тамызда болған. Мәліметтерге қарағанда, күдікті 1961 жылы туған енесінің үйіне «шай ішемін» деген сылтаумен келген. Келе сала 3 жыл бұрын ауыр жол-көлік апатына түсіп, өздігінен әрекет ете алмайтын кейуананың дәрменсіз күйін пайдаланып, озбырлық жасаған. Үш бала тәрбиелеп отырған зейнеткердің қызы өз анасының құқығын қорғау үшін өз күйеуінің үстінен шағым түсіруге мәжбүр болған.
Бастапқыда сот-медициналық сараптама қағаздарының қате толтырылуына байланысты іс кешеуілдеп, қоғамда үлкен наразылық тудырған еді. Құқық қорғаушы Дина Таңсәрі бұл істі Алматы қалалық прокуратурасының жеке бақылауына алуын және тегін заңгерлік көмек көрсетілуін талап етті.
«Аталған факті бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның әрекетіне принципті әрі объективті құқықтық баға беріледі. Кінәсі дәлелденген жағдайда ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жазаланады», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда тергеу амалдары қарқынды жүргізіліп жатыр, күдікті уақытша ұстау изоляторында.