Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға EPS жүйесі арқылы қалай жұмысқа орналаса алады

Автор: Аягөз Құрмаш

Жүйе бойынша 39 жасқа дейін жұмыс табуға болады

Фото: depositphotos.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Қазақстан азаматтарын Корея Республикасында жұмысқа орналастыру үшін іріктеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кімдер қатыса алады?

18 бен 39 жас аралығындағы азаматтар өтініш бере алады. Негізгі талаптар: сотталмаған болуы, бұрын Оңтүстік Кореядан депортацияланбауы және елден шығуға сот немесе атқарушылық шектеулері болмауы керек.

Іріктеу қалай өтеді?

Практикалық іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылған соң басталады. Кандидаттар мынадай кезеңдерден өтеді:

  • Үміткерлер корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK тестін тапсырады. Сондай-ақ олардың білімі, жұмыс тәжірибесі мен сертификаттары балдық жүйемен бағаланады.
  • Тест пен медициналық тексеруден сәтті өткендер ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енеді.

Базадағы кандидаттар арасынан оңтүстіккореялық жұмыс беруші өзіне қажетті қызметкерді өзі таңдайды. Базаға кіру автоматты түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді – соңғы шешімді тек жұмыс беруші қабылдайды.

Еңбек шарты, дайындық және мерзімдер

Таңдалған азаматпен еңбек келісімшарты жасалып, жұмыс жағдайы мен жалақысы толық түсіндіріледі. Елден кетер алдында Алматыдағы EPS орталығында міндетті дайындық курсы өтеді. Жұмыс мерзімі 3 жылға дейін белгіленеді, оны кейін 1 жыл 10 айға дейін ұзартуға болады. Келісімшартты аяқтап, елге өз еркімен оралғандарға кейін Кореяға қайта барудың жеңілдетілген шарттары қарастырылған.

«Жұмысқа бірден орналастырамыз» немесе «іріктеуден жылдам өткіземіз» деп уәде беретін жеке делдалдарға сенбеңіз, ақша бермеңіз. Барлық ресми хабарландырулар, тіркеу мерзімдері мен емтихан кестесі тек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайттарында жарияланады.

Тіркеудің нақты қашан басталатыны, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестін өткізу мерзімі мен тәртібі, сондай-ақ іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.