Биыл қаңтарда ол Краснодар қаласында ұсталды
Қазақстан азаматы жалған мәліметтер арқылы 290 млн теңге салық төлеуден жалтарып, Ресейге қашып кеткен. Бас прокуратура күдіктіні жауапқа тарту үшін Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында күдікті 2022-2023 жылдары коммерциялық ұйымның директоры болып, кірістер декларациясына бұрмаланған деректерді енгізу арқылы 290 миллион теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарғаны анықталды.
Осы қылмысты жасағаннан кейін ол қылмыстық қудалау органынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.
«Биыл қаңтарда ол Краснодар қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыс үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.