Respublica Қазақстандағы қалдықтар жағдайын талқылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Оралда Respublica партиясының өкілдері «Green Service Company» ЖШС-да болды

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының өкілдері саланың жағдайын, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді және отандық кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді талқылады, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, оның тек 20–27%-ға жуығы қайта өңделеді, ал қалған бөлігі полигондарға жөнелтіледі.

Саладағы түйткілдерді бұған дейін VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау көтерген болатын. Ол қалдықтарды көмуден оларды қайта өңдеуге көшу қажеттілігін атап өткен еді.

«Қазақстан қалдықтарды көмуден оларды қайта өңдеуге көшуі тиіс. Бұл — экологиялық қауіпсіздік те, жаңа жұмыс орындары да, қайталама шикізат импортына тәуелділікті азайту мүмкіндігі де», - деді Нұргүл Тау.

Оралда Respublica партиясының өкілдері он жылдан астам уақыт бойы металл емес және қауіпті емес қалдықтарды жинаумен, қайта өңдеумен әрі утилизациялаумен айналысатын «Green Service Company» ЖШС-да болды.

Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында қайта өңдеу саласының дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар, сондай-ақ қайталама шикізатты пайдалану және отандық қайта өңдеушілерді қолдау мәселелері талқыланды.

Партия өкілдерінің мәліметінше, ішкі қайта өңдеуді дамыту экологиялық міндеттерді шешумен қатар, импорттық қайталама шикізатқа деген тәуелділікті де азайта алады.