ЖСДП кандидаттары «Руханият» орталығында жастармен кездесті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кездесуде әлеуметтік саясат, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігі, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Фото: ЖСДП баспасөз орталығы

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттар – Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ержан Дауренбеков пен филиалдың Жастар қанатының төрағасы Еркін Қайырбекұлы облыстық «Руханият» орталығында жастармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде әлеуметтік саясат, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігі, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Кандидаттар ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасында аталған бағыттарға қатысты ұсыныстарға тоқталды. Ержан Дауренбеков жастармен кездесулер барысында олардың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін сайлауалды бағдарлама – жай ғана ұсыныстар жиынтығы емес. Ол халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелерге жауап беруге және қоғамдағы нақты өзгерістерге жол ашуға тиіс. Бұл процесте жастардың орны ерекше. Жастардың жаңа көзқарасы, белсенділігі мен батыл бастамалары елдің дамуына серпін бере алады. Сондықтан біз жас буынның үнін естіп, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауымыз қажет», – деді Ержан Дауренбеков.

Өз кезегінде Еркін Қайырбекұлы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігіне қатысты ЖСДП ұстанымдарын таныстырды. Оның айтуынша, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізу азаматтың әлеуметтік жағдайына байланысты болмауы тиіс.

«Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – әрбір қазақстандық үшін сапалы білім мен медицинаны қолжетімді ету. Ал осы өзгерістерді жүзеге асырудағы негізгі қозғаушы күштердің бірі жастар болуы керек. Бүгінгі жастардың жаңа идеясы, жаңа көзқарасы мен белсенділігі еліміздің ертеңгі бағытын айқындайды», – деді Еркін Қайырбекұлы.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, жастар кандидаттарға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және қоғамдық өмірге қатысуға қатысты сұрақтарын қойды.

Кездесуде жастардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді талқылау мәселесіне назар аударылды. ЖСДП өкілдері мұндай кездесулердің партия бағдарламасындағы бағыттарды тұрғындармен талқылауға және қоғамның түрлі топтарының ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.