«16 күн ауруханада жаттым»: Астанада үйдің қасбеті құлаған әйелдің құлағы естімей қалған

Автор: Аягөз Құрмаш

Қабырғалары сынған 

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында іс бойынша жәбірленуші Айнұр Нұрпейісова жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2025 жылғы 7 қарашада мен тексеруден өту үшін Қостанайдан Астана қаласына келдім. 8 қараша күні таңертең әпкем екеуміз үйден шықтық. Одан кейін не болғанын есімде жоқ. Астанаға келгенге дейін жұмыс істегенмін. Мен тек ауруханада жатқанымды білемін. Үшінші күні күйеуім келген кезде мені оятып, сол кезде ғана ауруханада жатқанымды түсіндім. Оқиғаға дейін жақсы еститінмін», - деді Нұрпейісова. 

Ол атағандай, ол оқиғадан кейін 16 күн ауруханада жатқан. 

«Ауруханадан шыққаннан кейін Астана қаласында тағы бір айдай болдым және дәрігерлерге қаралып, тексеруден өттім. Кейін Қостанайға бардым. Бас сүйегім, қабырғаларым сынды. Денсаулығыма зиян келтірген тұлға жазасын алса деймін», - деді ол. 

2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.

Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.