Сот шешімімен 600-ден астам адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді
Астана қаласының Полиция департаменті таратқан хабарламаға сүйенсек, елордада жыл басынан бері 300-ге жуық адам отбасында зорлық-зомбылық жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр
«Құқық бұзушылықтың алдын алу – полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Жыл басынан бері елордада 6 500-ден астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамаларының талаптарын бұзғаны үшін 300-ге жуық азамат жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар сот шешімімен 600-ден астам адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді. Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына тұрақты түрде барып, олардың мінез-құлқына мониторинг жүргізеді. Учаскелік полиция инспекторлары мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі инспекторлар отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеп, қауіп деңгейін бағалайды және белгіленген профилактикалық шаралардың орындалуын бақылайды», – делінген ПД хабарламасында.
Астана қаласының полициясы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне жол берілмейтінін еске салады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жалғасады.