БҚО-ға соңғы бір жылда 160 мың турист келген: оның ішінде қанша шетелдік бар

Автор: Асыл Арман

Туристердің басым бөлігі – қазақстандықтар

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысына соңғы бір жылда 160 мың турист келген. Оның ішінде қанша шетелдік бар екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

2025 жылдың тамыз айынан бастап туризм саласына қатысты өкілеттіктер Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қарауына өтті. Өңірдегі туризмді дамыту жұмыстары мен туристер саны туралы ведомство басшысы Бақдәулет Сабитов айтып берді.

«Спорт пен туризм – бір-бірімен тығыз байланысты салалар. Сондықтан өкілеттіктер біздің басқармаға берілген сәттен бастап туризмді дамыту негізгі міндеттердің біріне айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 160 мың турист келді. Оның 149 мыңы – Қазақстан азаматы болса, 11 мыңы – шетелдік қонақ», – деді Бақдәулет Сабитов.

Өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін басқарма оқиғалы туризмді дамытуға және жергілікті көрікті жерлерді кеңінен насихаттауға басымдық беріп отыр.

«Биыл біз алғаш рет Oral Winter Fest – 2026 қысқы туристік фестивалін ұйымдастырдық. Оған шамамен 5 мың адам қатысты. Бұл шара өңірдің спорттық және туристік әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетті. Қазір сәулет нысандарымыз бен қасиетті орындарымызды насихаттауға бағытталған жобаларды жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар Шалқар көлінің туристік әлеуетін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз», – деп толықтырды басқарма басшысы.