Алматы облысында жеке сот орындаушылары құмар ойындарға 180 млн теңге жұмсаған

Автор: Асыл Арман

Олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге аударған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы облысында 20 жеке сот орындаушысы букмекерлік кеңседе тұрақты түрде ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға құмар болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, олардың ойын шоттарына аударған қаражатының жалпы көлемі 180 млн теңгеге жуықтады.

Тексеру нәтижесінде олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, тағы бірі 26 млн теңге аударғаны белгілі болды. Жария – маңызды функцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың осындай көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның жеке сот орындаушылары институтына деген сеніміне кері әсер етеді.

«Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданып, заңда көзделген шараларды қабылдау мәселесі көтерілді», – делінген прокуратураның хабарламасында.