Саяси серпіліс: Құрылтай сайлауы алдындағы басты дебат қалай өтті?

Автор: Алмас Ерсін

Жеті партияның көшбасшысы ел дамуының негізгі бағыттары бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды

Фото: 24.kz

«Хабар» агенттігіне қарасты «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партия көшбасшыларының қорытынды теледебаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Дамыған экономика – қуатты қоғам» тақырыбындағы іс-шара бұрын соңды болмаған ауқымды деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жолы пікірсайыс алаңында саяси ұйымдардың өкілдері емес, еліміздегі жеті партияның көшбасшылары, яғни «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өзара саяси дебатқа түсті. Дебат барысында тікелей трансляция арқылы елдің барлық аймағы қамтылды. Іс-шара басталмас бұрын эфирде жеті партияның сайлауалды штабтарынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар агенттіктің АҚШ, Қытай және БАӘ-дегі меншікті тілшілері Қазақстанның саяси өміріне бейжай қарамайтын азаматтардың қатысуымен телекөпір өткізді. 19:00-де арнайы превью-бағдарламамен басталған Басты дебат тек мазмұнымен емес, ұтымды режиссерлік шешімімен ерекшеленді. Бұл заманауи технологиялар, қызу пікірталас, халықаралық телекөпірлер және партия жақтастарының шынайы эмоциясын үндестірген ауқымды дискуссия алаңына айналды. Экранның ар жағында отырған көрерменнің де саяси додаға тікелей қатысуына мүмкіндік жасалды.

Сайлаушылар толғандырған сұрақтарын QR код арқылы партия көшбасшыларына жолдады. Сол арқылы ел азаматтарынан партия көшбасшыларының атына 59 мыңға жуық сауал келіп түсті. Сайлаушылардың сұрақтары дебаттың үшінші раундында саяси партиялардың көшбасшыларына қойылды. Көрермен саяси доданы 24KZ телеарнасынан, сондай ақ арнаның YouTube, Telegram, TikTok, Facebook және Instagram желілеріндегі ресми аккаунттарынан онлайн режимде көрді.

Дебат барысында жеті саяси партияның көшбасшылары мемлекетті дамыту, экономикалық саясат, әлеуметтік сала және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарын таныстырды. Ашық пікірталас саяси көзқарастарды салыстыруға, ортақ тұстарды анықтауға және мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша партиялардың ұстанымдарындағы түбегейлі айырмашылықтарды көруге мүмкіндік берді.

Көрермен теледебаттың толық нұсқасын «24KZ» телеарнасының YouTube арнасынан көре алады.