Теледебаттың екінші кезеңінде партия басшылары маңызды мәселелерді қозғап, бір-біріне сауалдар қойды
«Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасының екінші кезеңінде партия төрағалары бір-біріне сұрақ қойды. Сұрақ қоюға 1 минут, жауапқа 2 минут уақыт берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаеваға сұрақ қойды. Ол ауыл халқына қатысты партияның сайлауалды бағдарламасында ешбір бастама жоқ екенін алға тартты. «Ақ жол» партиясының бағдарламасында неге ауылға қатысты бастама жоқ екенін сұрады.
Дания Еспаева сұраққа жауап бере отырып, салаларға бөлу дұрыс емес екенін айтты.
«Салалардың барлығы маңызды, оларды бір-бірінен бөліп алалауға болмайды. Біз комитетте болмасақ та, ауыл шаруашылығы өнімдері мәселелерін үнемі көтеріп отырамыз. Біз барлық фракциямен байланыстамыз, Аграрлық комитет құрамында болмасақ та, өзгелер арқылы өз мәселемізді ілгерілендіре аламыз», - деді Еспаева.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев екінші раунд аясында ЖСДП өкіліне халыққа және шағын әрі орта бизнеске түсетін жүктемені арттырады деп есептейтін шешімдер бойынша партияның ұстанымы туралы сұрақ қойды. Жауап ретінде ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов экологиялық күн тәртібіне және бизнестің қоршаған ортаға тигізетін әсері үшін жауапкершілігін күшейту қажеттілігіне баса назар аударды.
«Экология қоғамдық-саяси партиялар үшін өте маңызды. Неліктен? Өйткені экология қандай да бір нақты кәсіпорынның немесе бизнестің қарамағында бола алмайды. Бизнес ауаны, топырақты қалай ластап жатқанына және басқа да мәселелерге ешқашан жауап бермейді. Біз бұл мәселелерді жүздеген рет көтеріп, рекультивация сұрақтарымен айналысу қажеттілігі туралы айтқан болатынбыз», - деді ол.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайға сұрақ қойды. Партия халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ден қойғанын айта келіп, оған қосымша қаржы қайдан бөлінетінін сұрады.
Айбек Дәдебай әділеттілік деген ең алдымен барлығына бірдей жағдай жасау екенін айтып өтті.
«Біреуге көмек беріп, екіншісінен алған дұрыс емес. Біз салықты көтеріп, оларға қысымды түсіруден аулақпыз. Біз экономиканы көтеріп, оның аясын кеңейтуді көздейміз. Кәсіпкерлік көп болса, жұмыс орны да көбейеді деген сөз. Сол үшін біз орта бизнестің үлесін жеті пайыздан жиырма пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді Дәдебай.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановқа сұрақ қойды. Дәдебай «Әділет» партиясы ауылды дамыту бойынша құрғақ сөз емес, нақты іспен дәлелдеуді ұсынып отырғанын айта келе, «Ауыл» партиясы ауылдағы шаруалардың табысын қалай арттыратынын сұрады.
«Біз бұл бағытта үш ұстанымды ұстанамыз. Жеке кооперацияларға қаржы бөлу керек. Ауылда тез табыс әкелетін бағыттарды дамыту керек. Біздің бағдарламада кооперация да бар, олардың табысын арттыру да бар. Біздің мақсатымыз – ауылдағы әр отбасының табысын көбейту», - деді Айтуғанов.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановтың сұрағына жауап бере отырып, партияның өмір сапасының бірыңғай стандарты ретінде елдің барлық өңірі үшін олардың арасындағы қалыптасқан айырмашылықтарды ескере отырып, ең төменгі әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу мәселесін түсіндірді.
«Біз әрбір өңірде болуы тиіс әлеуметтік игіліктер бойынша ең төменгі стандарттарды айқындауды ұсынамыз. Біз Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтық және шағын ауыл, шағын қала, Алматы, Астана мен Шымкент арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін түсінеміз. Бірыңғай стандарттарды айқындау тұрғысынан түсіністік пен әділдік болса, адамдарда мемлекеттің жоспарларына сәйкес келетін үміт пен сенім болады», - деді Шоқанов.
Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаровқа сұрақ қойды. Рахымжанов партияның сайлауалды бағдарламасында фермерлерге қатысты лозунг көп екенін айтты. Алайда партияның мақсатындағы экономика қай жерден, әділеттілік қайдан басталатынын сұрады.
«Бізді жұмысшылардан бөліп қарау дұрыс емес. Біз олар үшін жауап беріп қана қоймай, олармен бір бағытта жұмыс істеп келеміз. Еңбек адамы өзінің жанындағы адамдармен бірге өсуді қалайды. Біз барлығымыз мемлекеттік жеңілдік үшін емес, еңбек адамы үшін бәсекеге түскенді қалаймыз. Нағыз мықты экономика сол кезде ғана қалыптасады», — деп жауап берді Айдарбек Ходжаназаров.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа сұрақ қойып, партия ұсынған әлеуметтік бастамалардың экономикалық негізділігіне күмән келтірді. Жауап ретінде Әміртаев мемлекет қолда бар ресурстарды тиімдірек пайдаланып, оларды жастар мен отбасыларды қолдауға бағыттауы қажет екенін мәлімдеді.
«Саяси партия мемлекеттік органдарды алмастырмайды. Біз халықпен тікелей жұмыс істейміз, шағымдарды жинап, оларды билік елеусіз қалдыра алмайтындай етіп жеткіземіз. Бізге ресурстарды жастарды, жас отбасыларды және көпбалалы аналарды қолдауға бағыттау қажет. Демография өсетін болса, экономикамыз да өседі», - деді Әміртаев.