Тікелей эфирде Құрылтайдың алғашқы сайлауы алдындағы «Басты дебат – 2026» басталды

Автор: Алмас Ерсін

Жеті партияның көшбасшысы сайлауалды бағдарламалары мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылап жатыр

Фото: 24.kz

24KZ телеарнасының тікелей эфирінде ел тарихындағы Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды дебат өтіп жатыр. Бір алаңда жеті саяси партияның төрағалары бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дебат форматы төрт раундтан тұрады. Партия көшбасшылары сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, бір-біріне сұрақ қояды және азаматтардан түскен сауалдарға жауап береді.

Пікірталастың негізгі тақырыбы – «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін». Партия көшбасшылары әрбір сайлаушыға тікелей қатысты әлеуметтік қорғау, халықтың әл-ауқаты және ұлттық экономиканы дамыту мәселелерін талқылайды.

Жобаның маңызын қатысушылар құрамы да айқындай түседі. Пікірталас алаңында елдегі барлық жеті саяси партияның көшбасшысы бас қосты:

  • «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева;
  • Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов;
  • «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов;
  • Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахимжанов;
  • Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров;
  • Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Дебат алдындағы бөлім сағат 19:00-де арнайы шолу бағдарламасымен басталды. Оның аясында жеті партияның сайлауалды штабтарынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, сарапшылармен сұхбаттар өтті, сондай-ақ Қытай, АҚШ және БАӘ-мен халықаралық телекөпірлер өткізілді. Бұл эфир сағат 20:00-ге жоспарланған елдегі басты дебат алдындағы ауқымды ақпараттық бағдарлама болды.

Пікірталасты ұйымдастыру кезінде ашықтық пен тең мүмкіндік қағидаты басты назарға алынды. Үдерістің барынша ашық өтуін қамтамасыз ету үшін қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі теледебаттан бір күн бұрын – 18 тамызда сағат 10:00-де 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде жеребе арқылы анықталды.

Жеребе қорытындысы бойынша партиялар мынадай ретпен орналасты:

  1. Respublica;
  2. Baytaq;
  3. «Ақ жол»;
  4. «Әділет»;
  5. «Ауыл»;
  6. ЖСДП;
  7. Қазақстан Халық партиясы.

Төрт раундтан тұратын дебат форматы қатысушыларға партиялық бағдарламаларын кезекпен таныстырып, қарсыластарына сұрақ қоюға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын «Басты дебаттар» арнайы Telegram-боты іске қосылған болатын. Сайлаушылар QR-кодты сканерлеп, осы бот арқылы партия көшбасшыларына өз сұрақтарын жолдай алды. Аталған бастама аясында азаматтардан шамамен 52 мың сұрақ түсті.

Сайлаушылардың сұрақтары дебаттың үшінші раундында қойылып, саяси партиялардың көшбасшыларына жолданады. Ал қорытынды бөлімде партия басшылары сайлауалды үндеулерін жасайды. Пікірталастың негізгі тақырыбы – «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін».

Партия көшбасшылары әрбір сайлаушыға тікелей қатысты әлеуметтік қорғау, халықтың әл-ауқаты және ұлттық экономиканы дамыту мәселелерін талқылайды.

Жобаны белгілі тележүргізушілер Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай жүргізеді. Ал байланыс орталығына келіп түскен азаматтардың сұрақтарын Сағыныш Әбікей қояды.

Дебат барысын 24KZ телеарнасының эфирінен, оның YouTube арнасынан, сондай-ақ Facebook, Instagram, TikTok және Telegram желілеріндегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көруге болады.

Тікелей эфир:

YouTube: 24KZ YouTube арнасы

Facebook: 24KZ Facebook парақшасы

Instagram: 24KZ Instagram парақшасы

TikTok: 24KZ TikTok парақшасы

Telegram: қазақ тіліндегі эфир, орыс тіліндегі эфир