Ол көшелерді сыпырып, арамшөптерді отап, басқа да қоғамдық жұмыстарды орындап жүр
Қызылорда облысында ер адам TikTok-та тікелей эфир кезінде бірнеше рет бейәдеп сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
Полиция Сырдария ауданының 36 жастағы тұрғынын анықтады. Ол TikTok-та тікелей эфирге шығып, эфир барысында бірнеше рет былапыт сөздер айтқан. Құқық бұзушылық жасаған кезде ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде болғаны анықталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, тиісті шешім қабылданған.
«Сот шешімімен Қуаныш Олжабаев ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Қазір ер адам сот тағайындаған жазасын өтеп жатыр. Ол көшелерді сыпырып, арамшөптерді отап, басқа да қоғамдық жұмыстарды орындап жүр.