Смартфон сатушыларға да жаңа талаптар қойылмақ
20 тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары мен смартфон сатушыларына қойылатын талаптар өзгереді. Енді операторлар тариф бағасын көтеретін болса, абоненттерге бұл туралы алдын ала хабарлауы керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни тариф қымбаттаса, оператор бұл туралы екі ай бұрын SMS арқылы ескертуі тиіс. Сонымен қатар тарифтің қаншаға өзгеретіні және жаңа шарттар оператордың ресми сайтында жариялануы керек.
Одан бөлек, жаңа талап бойынша байланыс операторлары кейбір мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар сервистерге тәулік бойы тегін қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл қызмет абоненттің балансында қаржы болмаған жағдайда да қолжетімді болады. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, тегін қолжетімділік берілетін сервистер:
20 тамыздан бастап жаңа SIM-карта рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Яғни абоненттің жеке басы бет-әлпетін сканерлеу арқылы расталады. Бұл талап ұялы байланыс операторымен жаңа шарт жасасқан кезде де қолданылады.
Телефон сататын кәсіпкерлер құрылғыны сатып алушыға ұсынбас бұрын оны ресми түрде тексеріп, верификациядан өткізуі керек. Яғни смартфонның сатылымға шығарылғанға дейін ресми тіркеуден өтуі талап етіледі.
Осы өзгерістердің барлығы ұялы байланыс қызметтерін пайдалану тәртібін реттеуге, абоненттерді тарифтің өзгеруі туралы алдын ала хабардар етуге және SIM-карта мен смартфондарды рәсімдеу кезінде қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.