ЛРТ жобасының екінші кезеңі аясында екінші, үшінші және төртінші желілер салынбақ
Астанада жеңіл рельсті көліктің жаңа желілері екі көл мен бір өзеннің су қорғау аймақтары арқылы өтеді. Бұл жобаға қатысты жарияланған экологиялық құжаттарда көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЛРТ жобасының екінші кезеңі аясында екінші, үшінші және төртінші желілер салынбақ. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 26,5 шақырым болады. Екінші және үшінші желілер мен ЛРТ депосы толығымен Астана аумағында орналасады. Ал төртінші желі елордамен қатар Қосшы қаласының әкімшілік аумағы арқылы өтеді.
Құжатқа сәйкес, ЛРТ желісінің тұрғын үй аумақтарына дейінгі ең жақын қашықтығы 13 метр болады. Ақмола облысы аумағында бұл көрсеткіш 110 метрге дейін жетеді. Жобаға ең жақын орналасқан су нысандарының қатарында Талдыкөл көлі бар. Ол ЛРТ депосынан 455 метр қашықта орналасқан. Бұл аумақ су қорғау аймағына кіреді.
Сарыбұлақ өзені ЛРТ-ның екінші желісіндегі станциядан 370 метр жерде орналасады. Өзеннің бұл бөлігі де су қорғау аймағында. Ал Кіші Талдыкөл тобына кіретін №5 көл үшінші желідегі станциядан 125 метр қашықта орналасқан. Оның да бір бөлігі су қорғау аймағына жатады.
Төртінші желіге ең жақын су нысаны – Тассуат көлі. Ол станциядан 305 метр қашықта орналасады. Бұл нысан су қорғау аймағынан тыс жерде.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Астанада 68 ағашты кесу, тағы 62 ағашты басқа жерге көшіру жоспарланып отыр. Қосшы қаласында 119 ағаш пен 51 бұтаны кесу, 87 ағаш пен 68 бұтаны қайта отырғызу көзделген.
Құжатта кесілген және көшірілген жасыл желектердің орны он есе көлемде жаңа көшеттер отырғызу арқылы толтырылатыны айтылған. Ол үшін жапырақты және қылқан жапырақты ағаш түрлері отырғызылмақ.