Қарағанды облысында мас күйінде көлік жүргізгендер 5 жылға дейін сотталуы мүмкін (ВИДЕО)

Олар осыған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты

Қарағанды облысында мас күйінде көлік жүргізгендер 5 жылға дейін сотталуы мүмкін (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысының полициясы мас күйінде көлік жүргізген аймақ тұрғындары 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ведомство дерегіне сүйенсек, Нұра ауданында мас жүргізушілер ұсталды.

Қарағанды облысының Нұра ауданында осыған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған екі ер адам қайтадан ішімдік ішіп, рөлге отырған.

5 тамыз: Бейнебақылау арқылы нөмірсіз ВАЗ-2110 тоқтатылды. Рөлдегі 32 жастағы Шахтер ауылының тұрғыны орташа дәрежедегі мас күйінде болған (2022 жылы құқығынан айырылған).

14 тамыз: Егінді ауылы маңында нөмірсіз мотоцикл тізгіндеген Ақмола облысының 45 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол да мас болған (2024 жылы ЖКО жасап, куәлігінен айырылған).

«Екі жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта күдіктілер үйқамақта, ал көліктері арнайы тұраққа қойылды. Жыл басынан бері Қарағанды облысында құқығынан айырылғандардың қайтадан мас күйінде рөлге отыруының 33 дерегі тіркелді», – делінген ПД хабарламасында.