Тұрғындар бұған дейін электр кернеуінің жиі төмендеп-көтерілуіне және жарықтың өшуіне шағымданған
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы тұрғындарының электр энергиясының тұрақсыз берілуіне қатысты шағымдары нақты жобаға ұласты. ЖСДП облыстық филиалының араласуынан кейін ауылдағы электр желілерін жаңартуға 217 млн 818 мың теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындар бұған дейін электр кернеуінің жиі төмендеп-көтерілуіне және жарықтың өшуіне шағымданған. Партия өкілдері ауылға барып, электр желілерінің жағдайын тексеріп, тиісті мемлекеттік органдарға өтініш жолдаған.
Тексеру нәтижесінде ауылдағы электр желілерінің 93 пайызы тозғаны, ал 2025–2026 жылдары сегіз технологиялық ақау тіркелгені анықталған. Бірқатар апатты учаскелерде сымдар мен тіректер ауыстырылып, су тасқынынан кейінгі ақаулар жойылған.
Қазір ауылда жаңа электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станциялар салуға арналған жоба әзірленіп, мемлекеттік сатып алу жарияланды. Жұмыстарға үш жылдық кепілдік мерзімі белгіленген.
ЖСДП облыстық филиалы жобаның жүзеге асырылуын құрылыс аяқталғанға дейін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.