Павлодарда «Ауыл» партиясы білімді өңір сұранысымен ұштастыру мәселесін талқылады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кездесуде білімді экономикамен ұштастыру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселесі көтерілді

Фото: Ауыл партиясының әлеуметтік желісінен

«Ауыл» партиясының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов Павлодарда ғылыми қауым өкілдерімен, профессорлар және оқытушылармен кездесіп, білім беру жүйесін өңірлердің нақты қажеттіліктеріне жақындату мәселесін талқылады. Кездесуде білімді экономикамен ұштастыру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселесі көтерілді. Қатысушылардың пікірінше, жастардың мамандық таңдауы өңірдегі жұмыс орындары мен экономиканың сұранысымен тығыз байланысты болуы керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында оқу-өндірістік кешендерді қайта жандандыру және мектептерде жұмыс берушілермен бірлесіп бейіндік сыныптар ашу ұсынылады. Мұндай сыныптар оқушыларға болашақ мамандығымен ертерек танысып, тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беруге бағытталған. Кездесуде ауылдық жерлер мен агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды даярлау мәселесіне де назар аударылды. Партия агроколледждер мен аграрлық жоғары оқу орындарының базасында оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын кеңейтуді ұсынады.

Сонымен бірге ауыл жастарының сұранысқа ие мамандықтар бойынша заманауи білім алу мүмкіндігін арттыру мәселесі сөз болды. Бастаманың негізгі мәні – жастардың білім алу үшін ауылдан кетуі туған жерімен байланысын үзуге себеп болмауы керек деген ұстанымға негізделген. Яғни жас маман оқуын аяқтағаннан кейін туған өңіріне оралып, алған білімін маман тапшы жерлерде қолдана алуы қажет.

Кездесуде білім беру саласындағы кәсіби бағдардан бастап маман даярлауға дейінгі мәселелерді өңірдің сұранысымен байланыстыру қажеттігі айтылды.