«Боғауыз сөздер әдетке айналып бара жатқандай»: Күміс Сейітова маңызды мәселе көтерді

Автор: Асыл Арман

Ол сөз басында сөз ұлттың визиттік картасы екенін айрықша атап өтті

Фото: Facebook/Kumis Seitova

Қоғам мәдениеті адамның күнделікті сөзінен басталады. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова сөйлеу әдебі, үлкенді сыйлау, өзгеге құрметпен қарау және дөрекі сөздердің қоғамға әсері туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол сөз басында сөз ұлттың визиттік картасы екенін айрықша атап өтті.

«Бүгін мен сөздің күші туралы, дәлірек айтқанда, күнделікті өмірде қалай сөйлейтініміз жайында өз ойымды айтып өтсем деймін. Көп жағдайларда біз туған-туысқан, көрші-қолаң, дос-жаран және бөгде кісілермен сөйлескенде қандай сөздерді қолданамыз, осының бәрі біздің қандай адам екенімізді көрсетеді. Қазақ халқы сөйлеу әдебіне әрқашан үлкен мән берген. Бұл тек сыпайы сөз айту емес. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу және кісінің көңіліне тимей, ренжітпей сөйлей білу жатыр. Ата-бабаларымыз «Тіл – жүректің айнасы» деп бекер айтпаған. Себебі адамның қалай сөйлейтініне қарап, оның тәрбиесін, адамдарға деген құрметін және мәдениетін түсінуге болады», – дейді кітапхана басшысы.

Сөзін жалғай отырып, сөз өнері қашанда жоғары бағаланғанын, керек кезде дұрыс сөз таба білу де үлкен өнер, ал кей кездері бір ауыз сөздің өзі үлкен дауды шешуге көмектескенін тілге тиек етті.

«Өкінішке қарай, бүгінгі күні осының бәрі біртіндеп азайып бара жатқанын көріп жүрміз. Қазір қоғамдық орындарда, көлікте, әлеуметтік желілерде және күнделікті әңгімелерде дөрекі және балағат сөздер жиі естілетін болды. Кейде тіпті боғауыз сөздер адамдардың күнделікті сөйлесу әдетіне айналып кеткендей әсер қалдырады. Кез келген дөрекі сөздің артында ең алдымен құрметсіздік тұрады. Бұл – сөйлесіп тұрған және айналадағы адамдарға, тіпті балаға дейін және ең соңында адамның өзіне деген құрметсіздікті көрсетеді. Шындығында әр адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның бір бөлігі», – дейді Күміс Сейітова.

Сөз соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен әдеп туралы айтқанда, осындай қарапайым, бірақ маңызды мәселелерге назар аударатынына тоқталды.

«Себебі мемлекетті ең алдымен оның азаматтары қалыптастырады. Сондықтан әр адамның өз ісі, сөзі және қоғамдағы қарым-қатынасы өте маңызды. Жаңа Конституцияда заңға негізделген және әділ мемлекет құру идеясы көрсетілген. Бірақ бұл қағидалар күнделікті өмірде қолданылғанда ғана өз маңызын көрсетеді. Адамға деген құрмет тек ресми құжаттарда ғана емес, көшеде, көлікте, үйде сөйлескен кезде де көрінуі керек. Демек, қоғамның мәдениеті біздің өзімізден басталады, бір-бірімізбен қалай сөйлесетініміз және бір-бірімізге қаншалықты құрметпен қарайтынымыз қоғамның мәдениетінің айнасын көрсетеді», – деп Ұлттық академиялық кітапхананың директоры сөзін түйіндеді.