Атырауда үш жасар бала қалалық саябақтан жалғыз табылды
Атырауда үш жасар бала қалалық саябақта жалғыз қалған. 16 тамыз күні таңертең киімсіз әрі қасында ересек адам болмаған баланы өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі байқап, полицияға хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
Баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ер адам дереу 102 нөміріне қоңырау шалған.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкері барған. Полицияның мәліметінше, ол шақырту түскеннен кейін шамамен 10 минутта саябаққа жетіп, баланың жеке басы анықталып, ата-анасы іздестірілгенше жанында болған.
Құқық қорғау органы қызметкері баланы өзіне баурап, қауіпсіз екенін сезіндірген.
«Полиция қызметкері баланың жанынан кетпей, оны тыныштандыруға және тіл табысуға тырысты. Қызметкерлер баланың жеке басын анықтап, ата-анасын іздестіріп жатқан кезде ол құқық қорғау органының қызметкерінің қарауында болды», – деп хабарлады полиция.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары баланың анасын анықтады. Бала аман-есен анасына тапсырылды.