Қазақстанда пиротехникаға қатысты 251 адам жауапқа тартылды
Жыл басынан бері Қазақстанда пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзған 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехниканы елді мекендерде қолданғаны үшін жазаланған. ІІМ азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, әсіресе түнгі уақытта отшашу ұйымдастырып, айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзбауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы уақытта көпқабатты үйлердің тұрғындары туған күн және өзге де мерекелерді тікелей аулада отшашу ұйымдастыру арқылы атап өтетін жағдайлар жиілеп барады. Оның ішінде түнгі уақытта да пиротехникалық бұйымдар қолданылатын жағдайлар бар.
Алайда бірнеше минутқа созылатын мерекелік отшашу көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, жарақат алуға, өрт шығуына және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Еске саламыз: елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған.
«Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғаны үшін, тағы 14 адам оларды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі. Астанада 74 адам, Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері өртке қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Пиротехникалық бұйымдарды жеткізушілер, қоймалар, базарлар мен сауда орындары тексеріліп, заңсыз сауда жасауға және сертификатталмаған пиротехниканы өткізуге жол бермеу шаралары қабылдануда», – делінген ІІМ хабарламасында.
Тағы бір маңызды мәселе – тыныштықты сақтау. Жыл басынан бері еліміз бойынша 79 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 78 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Азаматтарды мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жауапкершілік танытуға шақырамыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды сатып алыңыздар және айналадағы адамдардың тыныштығын ескеріңіздер.
Мереке жарақатқа, өртке немесе өзге адамдарға қолайсыздық туғызатын жағдайға айналмауы тиіс.