«Байтақ» партиясының «Қазақстанның жасыл болашағы» дөңгелек үстелі өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарих орталығында «Қазақстанның жасыл болашағы» атты дөңгелек үстел өтті

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Жиынды «Байтақ» жасылдар партиясының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырды. Оған қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, экологиялық қауымдастық өкілдері және журналистер қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде Жамбыл облысындағы өзекті экологиялық түйткілдер айтылып, оны шешудің нақты жолдары талқыланды. Қатысушылар тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және тиімді басқару, Орталық Азияның «Жасыл белдеуін» дамыту, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық рекультивация сынды мәселелерді көтерді.

Тараптар фосфогипстің жинақталуына байланысты ықтимал экологиялық тәуекелдерге де назар аударды. Санитариялық-қорғау аймағын кеңейту, оның талаптарын сақтау, қоршаған орта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кеңінен талқыланды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар экологиялық мәселені талқылаумен шектелмеді. Олар жасыл аймақтарды көбейту, бүлінген аумақтарды қалпына келтіру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және халықтың денсаулығын қорғау сынды өзекті түйткілдерді пысықтап, осы бағытта нақты қадамдар қажетін атап өтті.