Пластик ауа құрамында да кездеседі
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының кандидаты Алма Қараш пластик қалдықтарының қоршаған ортаға әсері және оларды қайта өңдеу мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, пластик тек көшелер мен полигондарда ғана емес, өзендерде, таулы аймақтар, тіпті ауа құрамында да кездеседі. Ғалымдар адам ағзасының тіндерінен микро және нанопластик бөлшектерін анықтаған. Сонымен қатар оның адам жасушалары мен ДНҚ-ға ықтимал әсері де зерттеліп жатыр.
Алма Қараш пластик мәселесін жекелеген өндірушілермен байланыстыру дұрыс емес екенін айтады. Оның пікірінше, негізгі міндет – тұтынудан кейінгі қаптамалардың қоршаған ортаға түспей, қайтадан шикізатқа айналуына мүмкіндік беретін тиімді жүйенің қалыптасуы.
«Әлбетте, бизнес дамуы керек. Отандық өндіріс өсіп-өркендегені жөн. Бірақ өндіріс көлемімен қоса, оның қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін де ойластырған абзал. Яғни кез келген кәсіпорын осыны түсінсе, Қазақстандағы экология мәселесі сәл де болса, оғ бағытқа өзгерер еді», - деді кандидат.
«Байтақ» партиясының сайлауалды бағдарламасында қалдықтарды нақты қайта өңдеу жүйесін дамыту мәселесі қарастырылған. Бұл ретте қайта пайдалануға болатын ресурстарды айналымға қайтаруға бағытталған тетіктерді жетілдіру жағына назар аударылған.