Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан турнирдің үшінші айналымында жеңіске жетті
Енді ол ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 санатындағы хард турнирінің үшінші айналымында жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған отандасымыз үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 41-сатыда тұрған польшалық Магдалена Френхпен кездесті.
Матч екі сетке ғана созылды. Екінші партияның тағдыры тай-брейкте шешілді. Қорытынды есеп – 6:4, 7:6 (7:2), Рыбакинаның жеңісімен аяқталды.
Кездесу барысында жаңбыр жауып, ойын уақытша тоқтатылды. Теннисшілер кортта тура екі сағат уақыт өткізді. Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшы бес эйс жасап, төрт рет қос қателік жіберді және брейк-пойнттардың 18 мүмкіндігінің үшеуін пайдаланды.
Осылайша, Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан жарыстың төртінші айналымына жолдама алды. Енді ол әлемдік рейтингте 14-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі.