Тұрғындар үйінен 500 метрге дейінгі бір коммуналдық ақылы тұрақты тегін пайдалана алады
Алматыда көпқабатты үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары енді үйінің жанындағы коммуналдық ақылы тұрақтардың бірін тегін пайдалана алады. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 30 шілдеде қалалық мәслихат бекіткен Жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларында қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғын үйінен 500 метрге дейінгі радиуста орналасқан бір коммуналдық ақылы тұрақты таңдай алады. Бір үй-жайға бір автокөлік үшін тегін тұрақ құқығы беріледі.
Алайда тұрғынға нақты бір тұрақ орны бекітілмейді. Таңдалған тұраққа көлікті бос орын болған жағдайда ғана қоюға болады. Жеңілдік жерасты, көлік ауыстырып мінуге арналған, жабық көпдеңгейлі және механикаландырылған тұрақтарға қолданылмайды.
Өтінім қалай беріледі?
Тегін тұрақты пайдалану үшін өтінім беру қажет. Автокөлік белгіленген тәртіппен тіркеліп, өтініш берушінің меншігінде болуы тиіс.
17 тамыздан бастап өтінімді «Алматы паркинг» КМК интернет-ресурсы немесе eOtinish азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы беруге болады.
Меншік иесі бұл құқықты өзімен бірге тұратын жақын туысына бере алады. Ол үшін үй-жай иесінің жазбаша келісімі қажет.
Жалға алушылар да жалдау шарты мемлекеттік тіркеуден өткен жағдайда тұрақты тегін пайдалана алады. Құқық шарттың қолданылу мерзіміне беріледі. Үй-жай немесе көлік ортақ үлестік меншікте болса, басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет.
Алматыда ақылы тұрақтар көбейеді
2026 жылы қалада тағы 8 мыңнан астам коммуналдық ақылы тұрақ орнын ашу жоспарланған. Нәтижесінде олардың жалпы саны 17 мыңнан шамамен 25 мыңға дейін артады. Жаңа тұрақтар тротуар бойында да, арнайы алаңдарда да ұйымдастырылады.
Кімдер тұрақты тегін пайдалана алады?
Құжаттары болған жағдайда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері, ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері, І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері төлемнен босатылады.
Бұл тізімге «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, I немесе II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер және электромобиль иелері де кіреді.
Тұрақ ақысы қалай есептеледі?
Тротуар бойындағы коммуналдық ақылы тұрақтар сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Арнайы алаңдардағы, жерасты, көлік ауыстырып мінуге арналған, көпдеңгейлі және механикаландырылған тұрақтардың жұмыс уақытын басқарушы ұйым белгілейді.
Төлем бекітілген тариф бойынша тұрақта тұрған әр минут үшін есептеледі.
Тротуар бойындағы ақылы тұрақта алғашқы бес минут жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ жүк тиеу немесе түсіру үшін пайдаланылса, ақы алынбайды. Бірақ көлік бес минуттан артық тұрса, алғашқы бес минутты қоса алғанда, бүкіл уақыт үшін ақы төлеу қажет.