Кездесу барысында ірі агроөнеркәсіптік жобалардың өңір экономикасына, азық-түлік өндірісіне және жұмыспен қамтуға ықпалы сөз болды
Шымкентте «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар «ALSERA KZ» жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесуде заманауи агротехнологияларды қолдану, отандық көкөніс өндірісін арттыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ALSERA KZ» – Шымкенттегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жылыжай кешенінің жалпы аумағы 650 гектарға жуық. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 155 мың тоннаға дейін қызанақ өндіру және 5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жоба сонымен қатар маусымаралық кезеңде көкөніс импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін өндіріс көлемін қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында ірі агроөнеркәсіптік жобалардың өңір экономикасына, азық-түлік өндірісіне және жұмыспен қамтуға ықпалы сөз болды. Сонымен қатар заманауи технологияларды ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу және отандық өндірушілердің мүмкіндігін арттыру мәселелері қозғалды.