Елді мекеннің мәртебесі өзгеріп, қала құрамына енгенімен, тұрғындардың күнделікті өмір сүру жағдайы бұрынғы қалпында қалған
Алматы облысындағы Еңбек шағынауданында мұғалімдерге берілетін 25 пайыздық ауылдық үстемақы мәселесі көтерілді. Бұл тақырып 14 тамызда ЖСДП-ның Алматы облыстық филиалы өкілдері мен тұрғындар арасында өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек елді мекені бұған дейін ауыл мәртебесінде болған. Кейін қала құрамына еніп, шағынаудан ретінде белгіленді. Осыған байланысты ауылдық жерде еңбек ететін әлеуметтік сала мамандарына арналған бірқатар төлемнің тәртібі де өзгерген. Тұрғындардың сөзінше, осы өзгерістердің қатарында мектеп мұғалімдеріне берілетін 25 пайыздық үстемақы да бар. Бұған дейін ауылдағы педагогтердің лауазымдық жалақысына осы мөлшерде қосымша ақы қосылып келген.
Елді мекеннің әкімшілік мәртебесі өзгергенімен, мұндағы мектептің жұмысы мен мұғалімдердің күнделікті еңбек жағдайы сақталған. Сондықтан тұрғындар педагогтерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше назар аударуды сұрап отыр.
Жиынға қатысушылар елді мекеннің мәртебесі өзгерген кезде тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың да жаңа жағдайға бейімделуі қажет екенін айтты. Соның ішінде педагогтерге берілетін 25 пайыздық үстемақыға қатысты қолданыстағы тәртіпті қайта қарау мәселесі көтерілді.
ЖСДП өкілдері тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, мұғалімдердің әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты мәселені тиісті деңгейде көтеру қажеттігін атап өтті.