Павлодар – Астана тасжолындағы жол апатынан қыз бала қаза тауып, тағы үш бала жарақат алды
Жедел жәрдем бригадасы қыз баланы көлік салонынан клиникалық өлім жағдайында алып шыққан
Павлодар – Астана тасжолында болған жол апатынан қыз бала қаза тауып, тағы үш бала түрлі дәрежеде жарақат алды. Дәрігерлер зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
14 тамыз күні сағат 16:30 шамасында Қалқаман ауылының маңында Павлодар – Астана тасжолында екі көлік соқтығысқан. Жол апатынан кейін бірнеше зардап шегуші Павлодар облысының медициналық ұйымдарына жеткізілді.
Қыз балалардың бірі адам шошырлық жарақат алған. Жедел жәрдем бригадасы оны көлік салонынан клиникалық өлім жағдайында алып шыққан. Дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Кейін қалған зардап шеккен балалар облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді.
9 жастағы балаға іштің жабық жарақаты диагнозы қойылды. Дәрігерлер ішкі ағзалардың, оның ішінде бауырдың зақымдануына күдік келтіріп отыр. Бала хирургия бөліміне жатқызылды.
15 жастағы жасөспірім жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған және кеуде қуысы қатты соғылған. Ол травматология бөліміне жатқызылды.
16 жастағы қыздан миы шайқалу белгілері анықталған жоқ. Дәрігерлер оң жақ тізе буынының соғылғанын анықтады. Тексеруден кейін қыз амбулаториялық бақылауға жіберілді.