Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден күміс жүлде жеңіп алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Дүбірлі додаға 35 елден 300 спортшы қатысып, 11 жүлде жиынтығын сарапқа салуда

Фото: ҰОК

Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті жүлдеге қол жеткізді. Отандық спортшылар командалық акробатикалық бағдарламада екінші орын алып, күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан құрамасы жарыста сәтті өнер көрсетіп, төрешілерден 203,1 балл жинап, күміс жүлдеге ие болды. Бірінші орынды 232,2 баллмен Ресей құрамасы алса, Беларусь құрамасы 201,0 баллмен үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан құрамасының күміс жүлдегерлері қатарында Ясмина Исламова, Даяна Джаманчалова, София Ищенко, Мақпал Қалмұрза, Полина Мерзлякова, Алдияр Рамазанов, Айғаным Саим және Анастасия Воронкова бар.

Бұл медаль Қазақстан құрамасы үшін аталған біріншіліктегі үшінші жүлде, яғни екінші күміс жүлде болды. Бұған дейін Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов аралас дуэттердің еркін бағдарламасында екінші орын алып, күміс медаль иеленген. Ал Виктор Друзин ерлер арасындағы жекелей техникалық бағдарламада қола жүлдеге ие болып, Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған еді.

Жасөспірімдер (U19) арасындағы Әлем чемпионаты Будапеште 12-16 тамыз аралығында өтуде. Дүбірлі додаға 35 елден 300 спортшы қатысып, 11 жүлде жиынтығын сарапқа салуда. Қазақстан намысын 12 спортшы қорғауда.