Даму, цифрландыру және еңбек адамы: «Әділет» партиясы өңір тұрғындарымен кездесті

Автор: Дәулет Ботагөз

Партия өкілдері Абай, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы ірі өндіріс орындарын, инфрақұрылымдық кәсіпорындар мен сауда орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен жүздесті

Фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясы ел өңірлерінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Партия өкілдері мен кандидаттары Абай, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы ірі өндіріс орындарын, инфрақұрылымдық кәсіпорындар мен сауда орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әділет» партиясының Абай облыстық сайлауалды штабының мүшесі, Құрылтай кандидаты Эрлан Батырбеков «Байкал» кәсіпорнының мамандарымен кездесті.

Құрылтайға кандидат Эрлан Батырбеков кездесуде маңызды сауалға назар аударды: Қазақстанды 10, 20, 30 жылдан кейін қандай ел ретінде көргіміз келеді? Оның пікірінше, бұл сұрақтың жауабы адамның еңбегі, отбасы, қауіпсіздігі және ертеңгі күнге деген сенімінен басталады.

«Елдің болашағын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеуге болмайды. Адам өз еңбегінің бағаланатынын, отбасының қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүретінін сезінсе, ол болашағын туған жерімен байланыстырады. Сондықтан мемлекет үшін еңбек адамының әл-ауқаты — стратегиялық мәселе», — деді Эрлан Батырбеков.

Кездесуде партия бағдарламасындағы лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы, сапалы білім, қолжетімді медицина, жаңа жұмыс орындары және заманауи инфрақұрылым сияқты басымдықтар талқыланды.

Сондай-ақ «Әділет» партиясы «Қазақтелеком» ұжымымен кездесті. Сапалы интернет пен тұрақты байланыс — бүгінде жай ғана технологиялық мүмкіндік емес, адамдардың жұмысы, білімі, қызмет алуы мен күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. «Әділет» партиясының өкілдері бұл ұжымға партия бағдарламасындағы цифрландыру, байланыс инфрақұрылымы және заң мен тәртіп бағыттарын таныстырды.

Штаб мүшелері Анжела Маслова, Эльмира Жүрсінбекқызы және Толқын Кабдулина партияның негізгі ұсыныстарына тоқталып, халық үшін қолжетімді әрі сапалы интернет пен заманауи цифрлық инфрақұрылымның маңызын атап өтті. Сонымен қатар құқық қорғау саласына цифрлық технологияларды енгізу, құқық бұзушылықтың алдын алу және Бірыңғай болжам-талдау орталығын құру жөніндегі ұсыныстар түсіндірілді.

Кездесу барысында «Қазақтелеком» қызметкерлері партия өкілдеріне өз сұрақтарын қойып, байланыс сапасы, интернеттің қолжетімділігі және цифрлық технологияларды дамытуға қатысты пікірлерін білдірді.

 Ал бүгін Құрылтайға кандидат Ирина Соловьева мен Абай облыстық сайлауалды штабының төрағасы Айдар Ибраев «Семей инжиниринг» АҚ ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Кездесу барысында партия өкілдері бағдарламаның басымдықтарына тоқталып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Біз күн сайын сайлаушылармен кездесіп, олардың пікірін тыңдап келеміз. Себебі бағдарламаның мазмұны халықтың нақты сұранысымен үндесуі керек. Әр кездесуде айтылған ұсыныс бізге ел тұрғындарын алаңдататын мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді», — деді Айдар Ибраев.

Кездесудің басты мақсаты — партияның ұсыныстарын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу және сайлаушылармен тікелей байланыс орнату.

Орал қаласында да «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында өндіріс саласының өкілдерімен кездесуі өтті.

Шараға «Әділет» партиясы штабының мүшелері Абзал Насиоллаев пен Архат Исламғалиев қатысып, «Аққайнар» ЖШС ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды.

Кездесу барысында жергілікті өндірісті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін сақтау мәселелері көтерілді.

Спикерлер отандық өндірісті дамытудың ел экономикасын нығайтудағы маңызына тоқталды. Жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету – экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторлары екені атап өтілді.

Сонымен қатар, өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлікті қолдау, өндірістік қуаттарды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу қажеттігі сөз болды.

Жиын барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Партия өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

13 тамыздағы деректерге сәйкес, Жамбыл облысында «Әділет» партиясының мобильді үгіт-насихат топтары 88 іс-шара өткізіп, 32 857 тұрғынмен тікелей байланыс орнатқан.Партияның мобильді топтары базарлар, сауда орындары, вокзалдар және халық көп шоғырланатын өзге де орындарда тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырып, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауда.

Осындай кезекті кездесу Тараз қаласындағы «Қайкармет» базарында өтті. Облыстық сайлауалды штаб мүшелері саудагерлермен, кәсіпкерлермен және сауда орнына келген азаматтармен тікелей тілдесіп, олардың күнделікті өмірі мен кәсібіне қатысты мәселелерін тыңдады.

Кездесу барысында тұрғындар азық-түлік бағасының тұрақтылығы, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі және өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін көтерді. Сауда саласында еңбек етіп жүрген азаматтар кәсіпкерлікті дамытуға, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға және экономикалық белсенділікті арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Партия өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен сабақтас екенін атап өтті.

Бағдарламада азаматтардың әл-ауқатын арттыру, халық табысын өсіру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа сапалы жұмыс орындарын құру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер белгіленген.

Облыстық штаб мүшелерінің айтуынша, мобильді үгіт-насихат топтарының ерекшелігі – азаматтарды арнайы бір орынға жинамай, халық көп шоғырланатын жерлерге барып, тұрғындармен күнделікті өмір сүріп жүрген ортасында тікелей сөйлесу.

«Қайкармет» базарындағы кездесу барысында азаматтар партия өкілдеріне сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын тікелей жеткізді. Көтерілген мәселелер облыстық сайлауалды штаб тарапынан тіркеліп, алдағы жұмыс барысында ескеріледі.

Жалпы еліміз бойынша 13 тамыздағы деректерге сәйкес, мобильді үгіт-насихат топтарының жұмысы барысында 812,8 мың адам қамтылды. Жұмыс барлық өңірде, соның ішінде базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтары, вокзалдар мен халық көп шоғырланатын өзге де орындарда жүргізілуде.

«Әділет» партиясының Жамбыл облысындағы мобильді үгіт-насихат топтарының жұмысы жалғасуда.