Шетелдік компания Қазақстаннан 917 млн АҚШ долларын талап еткен
1996 жылы «Қазақалтын» АҚ кәсіпорнын өз басқаруына алған канадалық «Gold Pool JV Ltd» компаниясы Қазақстан тарапы келісімшарт талаптарын бұзды деп, 2016 жылы сотқа жүгінген болатын. Биыл 30 шілдеде Төрелік Трибунал аталған істің сот қарауына жатпайтынын және оны тоқтату туралы бірауыздан шешім қабылдады, деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Талап арыздың сомасы 917 млн АҚШ долларын құраған.
«1996 жылғы наурызда «Голд Пул» компаниясы кәсіпорынның қарыздарын өтеу, өндірісті қалпына келтіру және жаңғырту, қолайлы қаржылық жағдай жасау және тиімді нарықтық стратегия жасау мақсатында«Қазақалтын» АҚ-ны басқаруына алды. «Голд Пул» келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындай алмады. Ұзақ уақыт бойы төленбеген жалақы бойынша кәсіпорынның қала құраушы объектілері қызметкерлерінің алдындағы берешек тұрақты түрде өсті. Негізінен, жұмыс істемейтін алтын өндіретін кеніштердің (Ақсу, Жолымбет және Бестөбе) жұмысы жолға қойылмаған. Кәсіпорынның басқа алтын кен орындарындағы шахталар қараусыз қалып, су басты. Кәсіпорында өндірістік қуаттарды жаңарту және қажетті геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмеді, кенді қайта өңдеу және алтын өндіру жолға қойылмады. Кәсіпорынның жұмысшылар мен мердігерлер алдындағы қарыздары өсе берді. Басқарушы компания өзінің қаржылық дәрменсіздігін көрсетті және іс жүзінде банкротқа ұшырады. Сәтсіз жұмыс нәтижесінде жұмысшы ауылдар жылыту маусымына дайын болмады және олардың тұрғындары зардап шекті», - делінген аталған хабарламада.
Қазақстан тарапы осы жағдайлардан кейін канадалық компанияға бірнеше рет ескерту жасаған екен. Алайда, еш өзгеріс болмағандықтан 1997 жылы екі тарап арасындағы келісімшарт бұзылған.
«Gold Pool JV Ltd» компаниясы көп ұзамай мемлекеттік органдарға қарсы басқару келісімшарты бойынша халықаралық коммерциялық төрелікке жүгінгенімен, содан кейін ол ешқандай өндірістік қадамдар жасамаған. Осылайша, ол заңды рәсім шеңберінде өз талаптарын талап етуді тоқтатқан. Келісімшартқа қолданылатын қазақстандық заңнамаға сәйкес, талап қою мерзімі 2000 жылы аяқталған.
«Осыған қарамастан, жоғарыда көрсетілген оқиғалардан 17 жыл өткен соң, 2014 жылғы ақпанда талапкер Қазақстан Республикасына қолданылатын іспетті 1989 жылғы Күрделі салымдарды көтермелеу және өзара қорғау туралы кеңестік-канадалық келісімін негізге ала отырып, дау туралы хабарлама жіберді. 2016 жылдың наурыз айында талапкер төрелік талқылауды бастамашылық етті», - делінген Әділет министрлігінің ақпаратында.
Сонымен қатар, оқиғалардан 17 жыл өткен соң осы Төрелік талқылау қозғаған және осы уақыт ішінде алтынның қымбаттаған бағасын ескере отырып, 1 миллиард долларға жуық өтемақы талап еткен талапкер көп жыл бұрынғы оқиғаларды бұрмалап, бастапқыда жасыруға тырысқан фактілер мен құжаттарға қайшы келетін жалған шағымдарды ұсынған көрінеді.
Іс бойынша алғашқы тыңдаулар 2019 жылдың маусым айында Париж қаласында өтті.
Нәтижесінде, Төрелік трибунал Қазақстан Республикасы 1989 жылғы кеңестік-канадалық Күрделі салымдарды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімімен байланысты емес деген қорытындыға келді.
Трибунал талапкерді Республикаға оның төрелікте шеккен барлық шығындарын өтеуін міндеттеді.